Жедел мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың желтоқсан айының басынан елімізде 5 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 365 жағдайы және 6-18 жас аралығындағы балалар арасында 780 жағдай тіркелген.

Сонымен қатар, 5 жасқа дейінгі балалар арасында КВИ жұқтыру деңгейі бойынша ең жоғары көрсеткіш – Қостанай облысында, 77 фактісі анықталған. Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында бір фактіден тіркелген. Ал Қызылорда облысында желтоқсан айының басынан 5 жасқа дейінгі балалар арасында КВИ-ді жұқтырудың бірде-бір фактісі тіркелген жоқ.

6 жас пен 18 жасқа дейінгі КВИ жұқтырған балалардың басым бөлігі Павлодар облысында тіркелген, 3 апта ішінде 165 бала індетті жұқтырған. Және Шығыс Қазақстан облысында 147 факті, Қостанай облысында 120 және Нұр-Сұлтан қаласында 108 жағдай тіркелген. Маңғыстау және Түркістан облыстарында екі жағдай анықталған. Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында аталған кезең арасында бұл санаттағы балалар арасында КВИ жұқтыру дерегі тіркелмеген.

Сонымен қатар, 2020 жылдың 1 желтоқсанынан Қазақстанда 5 жасқа дейінгі балалар арасында COVID-19 белгілері бар пневмониямен сырқаттанудың 49 оқиғасы тіркелді. Олардың басым бөлігі Ақмола облысында орын алғаны анықталды (16 факт). 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар арасында індеттің 88 жағдайы тіркелген, ең көбі – Шығыс Қазақстан облысында (10 жағдай) орын алған.